Семіздік. Балаңыздың денсаулығына қауіп төндірмейсіз бе?
- Толығырақ
- Құрылды Дүйсенбі, 14 Қаңтар 2019 10:30
- Қаралды: 2590
Бүгінде біз толық ересектер мен балаларды жиі кездестіреміз. Семіздік қоғамдық денсаулық сақтау саласының күрделі мәселесі ретінде танылған. Әсіресе, өскелең ұрпақтың денсаулығына семіздік зор зиян келтіреді. Бүгінгі күнгі балалық семіздіктің себебі неде?
Қазақ тағамтану академиясының мәліметтері бойынша 2014 жылы Қазақстанда әйелдердің 58% және ерлердің 53% артық дене салмағы немесе семіздік болған. Бұл – ересек тұрғындардың жартысынан астамы. Артық дене салмағы немесе семіздік, орташа шамамен алғанда, 14 жасқа дейінгі балалардың 15,3% болған. Бұл дегеніміз – әрбір 7-ші бала. Үрейленуге тұрарлық статистикалық мәліметтер. Ал толық балалардың 30-80 % өсе келе толық ересектерге айналады. Семіздіктің қауіптілігі – оның көптеген созылмалы жұқпалы емес аурулардың (СЖЕА) пайда болу қаупін едәуір арттыруында, мысалы: созылмалы жұқпалы емес аурулардың ішінде диабеттің 44%, жүректің ишемиялық ауруы 23%, онкологиялық аурулардың 7 - 41% жағдайлары семіздіктен туындайды. Оның үстіне, балалық шақта болған семіздік ересек жастағы жүрек-қантамыр ауруларының, ортопедиялық мәселелердің, психикалық бұзылыстар мен денсаулықтың басқа бұзылыстардың даму қаупін арттырады. Артық салмағы бар балалар мен жасөспірімдердің 80% жуығында артериалдық қысым бар, 25% - диабет алды, 35% - бауырдың майлық ауруына шалдыққан.
Артық калориялар қайдан пайда болады?
Толықтықтың 98% жағдайының себебі салауатты емес өмір салтында, қимыл белсенділігінің төмендігінде және артық жеуде. Адамның тағаммен алатын энергиясы шығындайтын энергиясынан көп болғанда оның қолданылмаған бөлігі организмде май түрінде жинақталады. Бұл бастапқыда артық дене салмағына (семіздік алды), одан кейін, егер адам рационның калориялығын уақытында азайтпаса және дене белсенділігін арттырмаса, семіздік басталады.
Неліктен тағам біздің заманымызда организмнің осындай серпінін туындатады? Мәселенің мәні бүгінде калориясы жоғары және құндылығы төмен көптеген өнімдердің пайда болуында. Мұндай өнімдерге қант, кондитерлік өнімдер, жоғары сұрыпты ұннан пісірмелер, түрлі фаст-фудтар, қанттың мөлшері жоғары зауыттық сусындар (лимонад, кола, т.б.), тұз бен қанттың мөлшері жоғары болатын технологиялық өңделген өнімдер, мысалы, шұжық өнімдері, паштеттер, маргаринге иленген қатпарлы қамыр жатады. Әдетте, олардың құрамында пайдалы заттектер: дәрумендер, минералдар, маңызды микроэлементтер өте аз мөлшерде болады, ал организмнің тіршілігіне аса қажетті өсімдік тектес талшықтар - тағамдық талшықтар мүлде болмайды. Мұндай өнімдерді шамадан артық тұтыну заттек алмасуының бұзылысын туындатады, бұл тәбеттің артуымен, организмдегі май жасушаларының өсуімен және көлемінің ұлғаюымен қосарланады.
Артық май қайдан пайда болады? Ол қанттар мен майлардың артық мөлшерінен түзіледі. Қант қанға үлкен мөлшерде және тез түскенде, яғни, оның бір бөлігі энергия алуға шығындалып үлгермеген кезде ол майлық жасушалардағы майға айналады.
Калориясы өзара тең екі тағамды талдап көрейік. Олардың бірі қоректілігі төмен, бірақ, калориялы тағамнан, мысалы, майқоспалы қамырдан пісірген бөлішке мен тәтті газдалған сусыннан тұрады. Екіншісі – тұтас дәнді, талшыққа, дәрумендерге, минералдық заттектерге бай табиғи өнімдерден тұрады, мысалы, жаңғақ немесе дәндер қосылған көкөніс салаты, зәйтүн майы құйылған. Калориялар көлемі бойынша бұл тағамдар өзара тең, және организмге бірдей көлемдегі энергия береді. Ал сапалық қатынаста айырмашылығы орасан. Салат тойымдылық сезімін береді, организмді энергиямен, дәрумендермен, минералдармен, басқа да биологиялық белсенді заттектермен қоректендіреді, талшықпен қамтамасыз етеді және қандағы қанттың күрт көтерілуін туындатпайды. Ал майқоспалы қамырдан пісірген бөлішке мен тәтті газдалған сусын, керісінше, қандағы глюкозаның деңгейін күрт көтереді, одан кейін организм қандағы глюкозаның деңгейін төмендету үшін инсулиннің артық көлемін өндіруге өзінің қорын шығындауға мәжбүр болады. Қанттың артық мөлшері майлық тіндегі майлардың түзілісіне жұмсалады. Сонымен қатар, майқоспалы қамырдан пісірген бөлішкедегі маргарин организмге үлкен зиян келтіруі мүмкін.
Отырумен өтетін өмір салты сәнге айналған
Балалық жасқа тән емес төмен дене белсенділігі - бүгінде кең таралған құбылыс. Қазіргі кезде балалар теледидардың немесе компьютердің алдында сағаттап қозғалыссыз отырады, бейнеойындар ойнауға немесе Ғаламторды шарлауға көп уақытын жібереді. Оның үстіне, осындай демалысын көпшілігі түрлі снектерді: чипсілерді, қытырлақ таяқшаларды, қуырылған жаңғақшаларды, үлпектерді, ұсақ печеньелерді жеумен қоса өткізеді. Тәтті сусындарды да қоса ішеді. Ал техника мен технологиялардың дамуы біздің және балаларымыздың қимылдауға энергияны азырақ жұмсауымызға ықпал етеді, мысалы, жоғары қабатқа көтерілу үшін лифтіні қолданамыз, жеке немесе қоғамдық көлікпен жүреміз. Тұрмыстық техниканың көмегімен үй жұмысын жеңілдету арқылы дене жүктемесін мейлінше азайтқан сыңайлымыз.
Басқа да себепкерлері
Семіздікке ықпал ететін басқа да факторлар бар. Олар:
- Тағамдық мінез-құлықтың көңіл-күйге қатысты бұзылыстары, психологиялық жайсыздықты тағам жеумен басу;
- Күйзелістерге бейімділік және тұрақтылықтың болмауы;
- Кейбір аурулар, атап айтқанда, эндокриндік аурулар (гипотиреоз, т.б.).
Жоғары технологиялар – төмен сапалы тағам
Өнеркәсіптік азық-түлік бизнесінің табысы «үш алыпқа» негізделген: қант, май, тұз. Олар тағам өнімдерінде үлкен мөлшерде болады және өндірушілер тауардың құнын арзандату үшін оларға зиянды транс-майларды (маргарин, аспаздық тоң май, т.б.) қосады. Бүгінде, тіпті, бұрын пайдалы саналатын мармелад пен попкорнда (жүгері үлпегі) қант пен тұздың мөлшері көп, бұл олардың барлық пайдасын жояды. Қант пен тұздың жоғары мөлшері дәм рецепторларына күшті әсер етеді, сондықтан, адам, әсіресе, бала осы тәуелділіктің «құрығына ілінеді» және қайтадан күшті дәмді сезініп, әсер алу үшін осындай өнімді ұдайы сатып алуға ұмтылады.
Балалары бар отбасыларға бағдарланған жоғары калориялы өнімдер мен сусындардың жойқын жарнамасы мәселені ушықтыра түседі. Балалар ұстаздардың немесе дәрігерлердің ұсыныстарына қарағанда коммерциялық жарнаманың әсеріне көбірек бейім келеді.
Өңделген өнімдерді ұдайы тұтынуда адам калориялардың орасан зор көлемін, дәрумендердің, микроэлементтер мен тағамдық талшықтардың аса шағын көлемін алады, нәтижесінде – қандағы глюкоза деңгейінің күрт өзгерісі орын алады. Осы соңғы фактор тәбеттің артуын туындатады, бұл тағы тағам қабылдауға және артық жеуге апарады. Созылмалы артық жеуде мидың «тойымдылық орталығының» сезімталдығы төмендейді және адамда организмге қажетті мөлшерден артық жегенде ғана адамда тойымдылық сезімі пайда болады. Нәтижесінде, адам тағам түрінде энергияны шығындайтын мөлшерінен артық алады, ал шығындалмаған энергия май түрінде майлық тінде қорға жинақталады.
Осындай «бос калорияларға» толы тағам сіздер және балаларыңыз үшін ас мәзіріндегі жиі көрініс болса, сіздер артық дене салмағы бойынша ғана емес, басқа көптеген созылмалы аурулар бойынша да қауіпке бейім боласыздар. Мұндай өнімдер бағасы мен дәмі жағынан біршама тартымды. Қазіргі кезде олар отандастарымыздың арасында аса танымал. Алайда, денсаулықты сақтау мақсатында тұтынатын тағам туралы ойланған жөн.
Қауіпті азайтайық
Семіздіктің алдын алуды ерте балалық шақтан бастайық. Бұл дегеніміз – балаларды салауатты өнімдерді тұтынуға үйрету, дұрыс тағамдық талғамды қалыптастыру. Отбасындағы тамақтану дәстүрін өзгертіп, отбасы мүшелеренің барлығының денсаулығын нығайта аласыз. Міне, осыған көмектесетін бірнеше кеңестер:
- Дүкенге бірге барған кезде балаларды салауатты тағам өнімдерін таңдауға үйретіңіздер;
- Егер балалар қанттың немесе майдың мөлшері жоғары өнімді (лимонад, чипсілер, шоколадты батончиктер, фаст-фуд, шұжықтар, т.б.) сатып алуды сұраса, өтінішін орындаудан бас тартыңыз және оның себебін түсіндіріңіз;
- Печенье, кәмпит немесе балмұздақтың орнына оларға жеміс беріңіз;
- Қант қосылмаған сусындарды таңдаңыздар, мысалы, су, тәтті емес компот немесе морс;
- Тамақтану тәртібін қадағалаңыздар: 4-5 реттік бөліп тамақтану. Бұл дегеніміз – 3 негізгі тамақтану (таңғы, түскі және кешкі ас) және 2 бірасар. Бірасарға – көкөністер, жемістер, айран, слайстар, шағын уыс жаңғақты немесе дәндерді ұсынуға болады. Тағам қабылдаудың арасындағы ұсынылатын үзіліс: 2,5-3 сағат, мүмкіндінше;
- Тамақтану рационындағы көкөністер мен жемістің (оларды ас мәзіріне күніне бірнеше рет енгізу қажет және күнделікті 400 г артық жеуге болады), тұтас дәндердің, майлы емес ашытылған сүт өнімдерінің маңыздылығын есте сақтаңыздар;
- Ақ нанды - қоңыр ұннан нанға, өңделген күрішті – өңделмеген түріне алмастырыңыз, ұннан жасалатын кондитерлік өнімдерді сирек тұтынуға тырысыңыздар;
- Майсыз етті, құс етін, балықты, бұршақ тұқымдастарды, жұмыртқа мен жаңғақтарды таңдаңыздар;
- Тұздың, қанттың мөлшері төмен өнімдерді таңдаңыздар, транс-майлары (маргарин, аспаздық/кондитерлік майлар) бар өнімдерді тұтынудан алшақ болыңыздар;
- Еттің майын алып тастаңыздар, оның ішінде, құс етінің майын да;
- Тауық етін қабығын алып тастап тұтынған жөн;
- Жылыту алдында салқын көже/сорпалардың бетінен майын алып тастаңыз;
- Қуыруды тандырда пісіруге, бұқтыруға, қайнатуға, буда пісіруге алмастырыңыз;
- Майонез емес, сұйық май құйылған салаттарды таңдаңыз;
- Отбасылық түстену кезінде теледидарды өшіріп қойыңыз. Теледидар бағдарламалырын көруде артық жеп қойғанды байқамай қаласыз, себебі, назарыңыз дәмнің әсеріне, тағамның хош иісіне, және асқазандағы сезінуге емес, теледидардың экранына бағытталады.
- Дене белсенділігін қалай арттыруға болады?
- Балалардың теледидарға, компьютер мен бейнеойындарға уақытын аз жұмсап, дене белсенділігін арттыруға арналған бірнеше кеңестер:
- Теледидар көруге, Ғаламторды қарауына және компьютерде ойнауға күніне 2 сағаттан аспайтын шегін белгілеңіз. Және баланың тәтті сусындардың, кәмпиттердің, фаст-фуд пен басқа салауатты емес өнімдердің жарнамасын көрмеуін қадағалаңыз. Мұндай жарнама баланың салауатты талғамының қалыптасуына теріс әсерін тигізуі мүмкін. Жарнаманы көп көретін балалардың салауатты емес тағамды жиі таңдайтындығы дәлелденген.
- Белсенді ойындар мен уақыт өткізу бойынша өз ойларыңызды ұсыныңыздар, мысалы, балалармен далада ойнау, сырғанаққа ұдай бару. Өздеріңіз балалармен бірге футбол, баскетбол немесе басқа ойындарды ойнаңыздар. Күні бойы белсенді болуға тырысыңыз және баланы да осындай мінез-құлыққа ынталандырыңыз. Лифтіні қолданбаңыз, үйге, жұмысқа, дүкенге дейін жетуде бір аялдамаға ерте түсіңіз немесе жаяу барыңыз. Баланың күнделікті, кемінде, 60 минут дене белсенділігі болуы қажеттігін есте ұстаңыз.
Салауатты үлгінің әсері мол
Ата-аналар көбінесе, өздерінің үлгі ретіндегі маңызын түсіне бермейді, ал балалар әдетте, ата-анасының мінез-құлық үлгісін қайталайды. Ата-аналардың дұрыс тамақтанбауы және отырумен өтетін өмір салты балалары үшін мінез-құлық нормасына айналады. Өздеріңіз теледидардың немесе компьютердің алдында уақытты азырақ өткізетін болсаңыздар, көбірек қимылдауды, дұрыс тамақтануды ұстанатын болсаңыздар, балаларыңыз да салауатты өмір салтын таңдайды және қадағалайды!